Қазақстан аумағының 45 пайызы сейсмикалық қауіпті деп танылды

Қазақстан аумағының 45 пайызы сейсмикалық қауіпті деп танылды
Фото: YouTube

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Құрылыс кодексінің жобасына «Сейсмикалық аймақтардағы жобалау және құрылыс ерекшеліктері» тарауы енгізіледі. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде аталған құжат жобасын таныстыру кезінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин айтты.

«Біздің еліміз үшін сейсмикалық аймақтардағы жобалау және құрылыс нормалары өте маңызды. Өйткені кейінгі жылдардағы зерттеу нәтижелері бойынша аумақтың шамамен 45 пайызы сейсмикалық қауіпті аймақтарға жатқызылған», - деді Т.Қарағойшин.

Оның айтуынша, нысандардың сапасын арттыру үшін құрылыс компанияларының сейсмикалық оқшаулағыш жүйелерді қолдануы, сейсмикалық қауіптілікті алдын ала бағалауды жүргізу, құрылыс алаңын таңдау, сынақтар жүргізу бойынша және басқа да кешенді шаралар қабылдау жоспарланған. Сондай-ақ сейсмикалық қауіптілікті және сейсмикалық тәуекелді бағалауға қатысты тиісті реттеудің жаңа институттары енгізіліп жатыр.

«Кодекс жобасында нысанның ескіруін анықтауға, конструкциялардың сапасын тексеруге, объектіні тозған деп тануға, қайта жаңарту мүмкіндігіне бағытталған қолданыстағы объектілерді паспорттау жөніндегі нормалар көзделген. Жергілікті атқарушы органдар құрылыс объектілерінің сейсмикалық қауіптілігі мен сейсмикалық төзімділігін бағалау үшін қауіпті өңірлерде паспорттауды жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Құрылыс кодексінің жобасы аясында құрылыс инженерлерін сертификаттау қызметі бәсекелестік ортаға беріледі. 

Соңғы жаңалықтар