Қазақстан аумағы арқылы транзиттелетін тауарлар ел аумағында қалып, шетелге құм салынған қаптар өткізіліп келген
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағы арқылы транзиттелетін тауарлар ел аумағында қалып, шетелге құм салынған қаптар өткізіліп келген.
Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитетінің бөлім бастығы Ерден Жұма мәлім етті.
«Соңғы уақытта контрабанданың жиі қолданатын тәсілі «жалған транзит» болып отыр. Яғни шетелдік тауарлар Кеден одағының кедендік аумағы арқылы транзитпен тасымалдана отырып, кедендік рәсімдеусіз, заңсыз қалып қояды», - дейді ол.
Оның атап өтуінше, мәселен, тауарлар декларацияда Түркиядан және басқа да мемлекеттерден Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға өтеді деп көрсетілген. Алайда, бұл тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында қалып, Қырғызстанға құм мен бұрын пайдаланылған тауарлар өткізіліп келген.
«Өткен жылы «жалған транзиттің» 47 фактісі анықталып, олар бойынша 21 қылмыстық іс қозғалды», - деді Е.Жұма.