Қазақстан аумағымен қауіпті жүк тасымалдағандар жауапқа тартылды
«1 қазан - 1 қараша аралығында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қызметкерлері «Абайлаңыз, қауіпті жүк!» акциясын өткізді. Бұл шара жыл сайын өткізіліп тұрады және қауіпті жүк тасымалдайтын автокөлік құралдарына бақылауды күшейтуге бағытталған. Бір ай мерзім ішінде еліміздің аумағында қауіпті жүгі бар 1018 автокөлік құралы тексерілді. Атап айтқанда, жүкті тасымалдау шарттары, қажетті құжаттар, көлік құралының техникалық жағдайы, жүргізушілердің еңбек және тынығу режімін ұстануы тексерістен өткізілді», - деп атап өтілген ҚР ИДМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Белгілі болғандай, тексерілген автокөлік құралдарының 415-інде заң бұзушылықтар анықталған. Оларға 22,5 млн теңге айыппұл салынды. Автожолмен жүріп өту алымы 2,7 млн теңгені құрады. Заң бұзушылықтардың 377-сін қазақстандық тасымалдаушылар жасаса, 38-сі шетел тасымалдаушыларына тиесілі болды.
Айта кетейік, 2016 жылдың сәйкес кезеңінде өткен акцияда тексерілген 1203 автокөлік құралының 221-інен заң бұзушылық анықталған. Ал одан бір жыл бұрын 1220 көліктің 169-ында заң бұзушылық болған. Нәтижесінде, 2016 жылы жазылған айыппұлдар сомасы 12,1 млн теңгені құрады.
Еске салсақ, жүк тасымалдау (сақтау, арту, түсіру) кезінде жарылысқа, өртке, ғимараттар мен құрылыстардың зақымдануына себеп болатын, сонымен қатар адамдардың, жануарлардың өліміне, жарақат алуына немесе сырқаттануына әкеп соқтыратын, қоршаған ортаға зиян келтіретін кез келген материалдар мен қалдықтар қауіпті жүктерге жатады.