Қазақстан аумағында аязды күн райы күтілуде - 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым көпшілік аумағы 21 қараша күні антициклонның ықпалында болады, жауын-шашынсыз аязды күн райы күтіледі.

Қазақстан аумағында аязды күн райы күтілуде - 21 қарашаға арналған ауа райы болжамы

Республиканың тек солтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аудандары арқылы атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты бұрқасын, көктайғақ, желдің күшеюі күтіледі, деп хабарлайды ТЖМ-нің баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасай отырып.

Жамбыл облысының бірқатар аймақтарында тұман түседі, көктайғақ болады, желдің 15-20 м/с дейін күшеюі ықтимал.

Ақмола облысында кейбір жерлерде бұрқасын, көктайғақ, желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін болып, түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, күндіз Қостанай, Павлодар облыстарының кейбір жерлерінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғып, бұрқасын болуы ықтимал.

Алматы облысында, түнде Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарының бірқатар аймақтарында тұман түседі.

Қызылорда және Маңғыстау облыстарының кейбір жерлерінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғуы ықтимал.

Алдағы тәулікте Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық және шығысындағы суларда мұз қатады, осыған байланысты республика шығысының жекелеген өзендерінде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы көптеген өзендерде су бетінің одан әрі салқындауы байқалады, Алматы облысының жекелеген өзендерінде мұз қатады. Сырдария өзенінің Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысының оңтүстігіндегі бөлігінде Шардара су қоймасынан су толқынының таралуы есебінен судың көбеюі ықтимал.