Қазақстан аумағындағы кеден бекеттерінде ешқандай көлік бөгелісі жоқ - Бақыт Тыныбеков
АЛМАТЫ. 8 маусым. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеден бекетінде құжаты болса ешкімнің ешқандай көлікті тоқтатуға құқы жоқ. Ондағы барлық материал автоматты түрде Алматы мен Астанадағы Жедел басқару орталығына түсіп отырады.
Оны қалалық кедендік бақылау департаменті басшылары бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Егер көліктер түрлі себеппен өзге мемлекеттерде бөгелетін болса, біз оған ықпал ете алмаймыз. Біздің кінәмізден ел аумағында ешқандай көлік бөгеліп жатқан жоқ. Жедел басқару орталығында шекарадағы барлық материал бейне камералар арқылы бақыланады», - дейді Алматы қалалық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Бақыт Тынысбеков.
Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Жанат Танабаев: «Өткен аптада Парламент Мәжілісінің депутаттары мен журналистер Қорғас пен Қалжат кеден бекеттерінде болып қайтты. Олар Қазақстан аумағында ешқандай көлік бөгелісі жоқ екенін өз көздерімен көрді. Ал қоймада уақытша сақтауда тұрған бұған дейін қаржы полициясы органдары ұстаған көліктер», - деді. Оның айтуынша, жеке тұлғаларға көлік әкелуге берілген жеңілдік 1 шілдеде аяқталады. Одан кейін олар көлікті Кеден одағының Бірыңғай кедендік мөлшерлемесі бойынша рәсімдейтін болады.