Қазақстан аумағының 70 пайызын шөл басып барады - Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi

АСТАНА. 29 сәуiр. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының 2/3 бөлiгiн шөл басып барады. Бұл туралы бүгiн Астанада "Қазақстан Республикасында жердiң шөл басуына қарсы күрес БҰҰ Конвенциясының орындалуы" атты дөңгелек үстелде ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрi Бектас Мұхамеджанов мәлiм еттi.
None
None

"Қазiргi таңда Қазақстан аумағының 2/3-iн шөл басқан және бұл үдерiс үдеп келедi", - дедi вице-министр. Оның айтуынша, аталмыш экологиялық апатпен күрес жолында Қазақстан 1994 жылы БҰҰ шөлге айналумен күресу жөніндегі Конвенциясына қол қойды және 1997 жылы ратификациялады.

"Айта кеткен жөн, табиғатты қорғау саласындағы конвенциялардың iшiнде аталған конвенция экологиялық проблемаларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтiк және экономикалық мәселелердi шешуге ықпал етуге бағытталған. Халқының 43 пайызы ауылда тұратын және оның басым бөлiгi жер игеру арқылы нәпақасын тауып отырған Қазақстан үшiн жердiң деградациясы мен шөлейттенуi өзектi түйткiлдердiң бiрi", - деп атап өттi Б. Мұхамеджанов.

Вице-министрдiң айтуынша, Қазақстанда жер ресурстарын басқару бағытында бiрқатар заңнамалық актiлер қабылданып, бiрнеше жоба жасалды. Олардың қатарында Сырдария арнасын басқару, Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау, ел аумағында орман алқаптарын кеңейту, шөлейт жерлердi басқару, мал шаруашылығына арналған аумақтарды бақылау жобалары бар.

Министрлiктiң мәлiметiнше, келешекте Шөл басумен күрес ұлттық орталығын құру жоспарлануда. Орталық халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдарды, жергiлiктi қауымдастық пен бизнес өкiлдерiн ортақ жобаларға тарту көзделген.

Соңғы жаңалықтар