Қазақстан ауруханаларында тұмаудан 23 адам емделіп шықты - ҚР ДСӘДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бастап республиканың тәулік бойғы стационарларына «Тұмау» диагнозымен 116, ЖРВИ-мен 10 мың 269 адам жатқызылды.

Қазақстан ауруханаларында тұмаудан 23 адам емделіп шықты - ҚР ДСӘДМ

24 қаңтардағы ақпаратқа сәйкес, тұмаудан 23, ЖРВИ-дан 4 мың 246 пациент емделіп шықты. Бүгінгі таңда ауруханаларда «Тұмау» диагнозымен 93 адам ем қабылдауда. Сырқаттанған адамдардың жағдайы тұрақты деп бағаланып, олар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бақылауына алынды, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

«Қазақстанның медициналық ұйымдары қажетті дәрі-дәрмектер, жабдықтар, вирусқа қарсы дәрілердің кемімейтін қоры мен залалсыздандыру құралдары, сондай-ақ, жеке қорғану құралдарының (респираторлар, маскалар) артық қорымен қамтамасыз етілген. Республиканың 19 жұқпалы аурулар емханасында ауруларға медициналық көмек көрсету мақсатында 6277 аурухана төсегі қарастырылған.

Сонымен бірге, республиканың барлық аймақтарында ЖРВИ мен тұмауды ерте кезеңде анықтау мақсатында аулалық тексерулер ұйымдастырылды. ҚР ДСӘДМ мамандары аурудың деңгейіне күнделікті бақылау жүргізіп отыр», - деп жазылған хабарламада.