Қазақстан ауруханаларында тұмаудан 381 адам емделді - ҚР ДСӘДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бастап республиканың тәулік бойғы стационарларына «Тұмау» диагнозымен 759, ЖРВИ-мен 21 мың 421 адам жатқызылды.

Қазақстан ауруханаларында тұмаудан 381 адам емделді - ҚР ДСӘДМ

«11 ақпандағы ақпаратқа сәйкес, тұмаудан 381, ЖРВИ-дан 15 мың 893 пациент емделді. Қазіргі таңда ауруханаларда «Тұмау» диагнозымен 378 адам емделуде. Сырқаттанған адамдардың жағдайы тұрақты деп бағаланып, олар ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бақылауына алынды. Қазақстанның медициналық ұйымдары қажетті дәрі-дәрмектер, жабдықтар, вирусқа қарсы дәрілердің кемімейтін қоры мен залалсыздандыру құралдары, сондай-ақ, жеке қорғану құралдарының (респираторлар, бетперде) артық қорымен қамтамасыз етілген. Республиканың 19 жұқпалы аурулар емханасында ауруларға медициналық көмек көрсету мақсатында 6277 аурухана төсегі қарастырылған», - делінген ҚР ДСӘДМ мәліметінде.

Сонымен бірге, республиканың барлық аймақтарында ЖРВИ мен тұмауды ерте кезеңде анықтау мақсатында аулалық тексерулер ұйымдастырылды. Жедел медициналық көмектің қосымша бригадалары құрылып, емханаларда қосымша телефон желілері ұйымдастырылды. ҚР ДСӘДМ мамандары аурудың деңгейіне күнделікті бақылау жүргізіп отыр.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда аурудың алдын алу мақсатында эпидемиологиялық маусым басталмай тұрып тұмауға қарсы вакциналау жүргізілетінін атап айту керек. 2015 жылғы қазан мен қараша айларының аралығында 1 млн. 700 мың адам, оның ішінде жалпы республика тұрғындарының 10%-ын құрайтын осал топ өкілдері (созылмалы өкпе, жүрек-қантамырлық ауруларымен сырқаттанған, иммунитет тапшылығы бар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медициналық қызметкерлер, жүкті әйелдер және т.б.) егілді.

ҚР ҰЭМ Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мәліметі бойынша, 11 ақпандағы ақпаратқа сәйкес, эпидемиологиялық маусымның басынан бастап (2015 жылдың 1 қазанынан) тұмаудың 1063 зертханалық дәлелденген жағдайы мен 386 мыңнан астам ЖРВИ тіркелген. Жалпы алғанда, елімізде ЖРВИ және тұмаумен сырқаттану ұйғарынды көрсеткіштен асқан жоқ.