Қазақстан ауыл шаруашылығын дамыту үшін кең ауқымды шараларды қолға алды - Германия басылымы
БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Қазақстан - Германия үшін Орталық Азиядағы маңызды серіктес. Ауыл шаруашылығын дамыту және ауылшаруашылығының мол әлеуетін тиімдірек пайдалану үшін Қазақстан кең ауқымды шараларды қолға алған.
Германияның Федеральдық ауыл шаруашылығы министрлігінің парламенттегі статс-хатшысы Петер Блезер ғылыми-өндірістік журналға әлемдік ғылымның жетістіктері мен Top agrar агроөнеркәсіптік кешеннің тәжірибелері жөнінде берген сұхбатында осылай мәлім етті.
«Федеральдық ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанмен ынтымақтасуда» деген тақырыппен берілген мақалада Петер Блезер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен саяси келіссөздер жүргізетіні және Қазақстандағы Неміс аграрлық орталығы (DAZ) ұйымдастырған шараларға қатысатындығы атап өтілген.
Қазіргі таңда Германияның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда екі ірі жобамен айналысуда. Біріншісі Қазақстандағы Неміс аграрлық орталығы, ол ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты әрі тиімді дамыту үшін тәжірибелік білім беруге бағытталған.
Екінші жоба неміс-қазақ Аграрлық-саяси диалог, ол екі елдің ауыл шаруашылығы салаларында саяси және экономикалық ынтымақтастықты қамтамасыз етеді.