Қазақстан ауыл шаруашылығын дамыту үшін Кернс тобына қосылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ауыл шаруашылығында дамыған елдердің одағы - Кернс тобына қосылу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мəлім етті.

Қазақстан ауыл шаруашылығын дамыту үшін Кернс тобына қосылуы мүмкін

"Біз жаңа субсидиялау тәртібін әзірлеуде Кернс тобының тәжірибесін негізге алдық. Жалпы, Еуропа бойынша қайта өңдеу бағытында проблемалар бар екені жасырын емес. Ол жақта кейбір елдерде тіпті фермерлер егін епкесін деп немесе мал басын өсірмесін деп қаражат береді. Кернс тобының елдері керісінше, басқа мақсатты көздейді. Олар өндіріс көлемін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға басымдық береді. Біздің де көздегеніміз осы. Сондықтан бұл тәжірибе біз үшін маңызды", - деді А.Мамытбеков. Бұл одаққа Қазақстан да қосылуы мүмкін. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мəселені егжей-тегжейлі зерттеп жатыр. "Қазір біз Қазақстанның осы Кернс тобына қосылу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Қазір бұл топтың құрамында 20 мемлекет бар. Екі-үш жыл бұрын ғана Вьетнам қосылды. Қазіргі уақытта Кернс тобына кіру рәсімін зерттеп жатырмыз, осыдан кейін қашан және қалай қосылатынымыз белгілі болады", - деген министр Украина да осы мәселені қарастырып жатқанын атап өтті.