Қазақстан авиациясы ұшу биіктігінің футтық жүйесіне көшеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның авиция саласында ұшу биіктігінің өлшемі футтық жүйеге көшірілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.
Хабарланып отырғанындай, 2018 жылғы көктемгі-жазғы навигация маусымы қарсаңында ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің бастамасымен азаматтық авиация мәселелері бойынша үлкен салалық кеңес өткен. ҚР Бас көлік прокуратурасы атынан Алматы қаласының авиациялық прокуроры, шағын авиация пайдаланушылары, әуе компанияларының және әуежайлардың 90-нан астам өкілі қатысты.
Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев кеңеске қатысушыларды соңғы уақыттағы саладағы жетістіктермен таныстырды. Комитет өз қызметін әлемдегі ең озық болып табылатын британдық үлгіге сәйкестендіру процесіне кіріскендігі туралы ерекше аталып өтті. Өзгерістер тек комитеттің құрылымын ғана емес, негізгі қадағалау және бақылау функцияларын да қамтымақ.
«Ең басты өзгерістердің бірі - жуық арада ұшу биіктігін өлшеу «футтық» (1 фут - 0,3048 метр - авт.) жүйеге көшетін болады. Бұл ретте, шағын авиация үшін қосымша сұраулары бойынша метрлік жүйеде ұшуға рұқсат беру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Авиациялық кадрларды даярлау жүйесіне түбегейлі өзгерістерді енгізу бойынша ұсыныстар берілді. Кейбір мамандықтар бойынша оқу бағдарламалары толығымен еуропалық стандарттарға сәйкестендірілген», - делінген хабарламада.