Қазақстан авиаотын өндіру көлемін рекордтық 825 мың тоннаға жеткізбек
АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанда биыл 750 мың тонна авиациялық отын өндіру жоспарланғанымен, жыл қорытындысында өндіріс көлемін 825 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп.
ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 8 айдың қорытындысы бойынша 591 мың тонна авиациялық отын өндірілді. Осы ретте былтыр 726 мың тонна авиаотын өндірілгенін айта кету керек.
Энергетика министрлігі авиациялық отын өндірісін ұлғайту және ішкі нарықты қамтамасыз ету бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр.
Алдағы уақытта өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып, 2031 жылға қарай оны 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
- Қазақстанның азаматтық авиациясының, күштік құрылымдардың, азаматтық қорғау органдарының және мемлекеттік материалдық резервінің қажеттіліктері отандық авиациялық отын есебінен толық қамтамасыз етіледі. Жолаушылар авиациясының ішкі жылдық қажеттілігі 680 мың тоннаны құрайды, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев авиотын бойынша мықты инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет екенін айтқан болатын.