Қазақстан автобизнесі наурызда 40 пайыз өсімді көрсетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан автобизнес қауымдастығының ақпаратына сәйкес, 2020 жылдың алғашқы үш айында қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді, жүк көліктерін және автобустарды сатып алуға 168 млрд теңге жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның автонарығы осы жылдың қаңтар-ақпан айларында қалыпты сауда тұрақтылығын байқатса, наурыз айында 40 пайыздық өсімге жеткен. Қауымдастықтың хабарлауынша, 2019 жылдың наурыз айымен салыстырғанда биыл наурызда көлік саудасы 40 пайызға (6 377 жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника, 493 жүк көлігі, арнайы техника мен автобус) артқан. Жалпы бірінші тоқсанда ел бойынша 17 846 көлік (өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға артық) сатылған.
«Күтілгеніндей наурызда көлік сатылымы 40 пайыздық өсімді көрсетті. Ең бірінші кезекте бұған халықтың автокөлікке деген сұрынысы, ұлттық валютаның әлсіреуі аясында сатып алушылардың бағаның өсіп кетуінен қауіптенуі себеп. Әйтсе де, наурыз айының соңында елде карантин жарияланып, мамандандырылған ХОҚ-тар жабылып қалғандықтан көлік тіркеу жүйесі жұмысын тоқтатты. Мемлекет қазіргі таңда көліктерді онлайн режимде тіркеуге өткізіп, диллерлерді жігерлендіруге барын салуда. Сәуір автобизнес үшін оңайға түспейін деп тұр», - дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Ravon маркасы айтарлықтай өсімге қол жеткізген. Алғашқы тоқсанда Қазақстанда ең көп сатылған брендтердің төрттігін Lada (3 539), Hyundai (3 094), Toyota (2 653), Ravon (1 873 авто) құрап отыр.