Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатында күміс медаль еншіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда өткен регби-15-тен Asia Rugby Emirates Women’s Championship турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.
Екінші орын тағдыры шешілген кездесуде жерлестеріміз Гонконг құрамасымен шеберлік байқасты. Аса тартысты өткен матчта екі команда да жеңіс үшін бар күшін салды. Кездесу 26:26 есебімен тең аяқталғанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.
Ал алтын жүлдені Жапония құрамасы мерзімінен бұрын қамтамасыз етті. Күншығыс елінің өкілдері Қазақстан командасын 64:12 есебімен, ал Гонконг құрамасын 72:12 есебімен жеңген болатын. Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы өз жерімізде өткен Азия чемпионатында жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп, құрлықтағы үздік командалардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жетістік еліміздегі әйелдер регбиінің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы регбиден Оманда өткен турнирде топ жарған болатын.