Қазақстан әйелдері форумы мамырдың 15-ін «Отбасы күні» ретінде мерекелеуді ұсынады

АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Президентінің қатысуымен өткен Қазақстан әйелдерінің V форумында жиынға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.

Қазақстан әйелдері форумы   мамырдың 15-ін «Отбасы күні» ретінде мерекелеуді ұсынады
Қарар бойынша Қазақстанда мамырдың 15-ін «Отбасы күні» ретінде мерекелеу ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз Қазақстан әйелдерінің форумына қатысушылар еліміздегі ерлер мен әйелдердің тең құқылы конституциялық қағидатын сақтай отырып, қабылданған халықаралық құқықтық құжаттарға, ел заңнамаларына сүйене отырып Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның онжылдық жұмысын қорытындыладық. Форумда әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлі мен жағдайын талқылап, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыруда әйелдер әлеуетін тарту, оларды осы іске қатыстыру жайын қарастырып, еліміздегі әйелдер қозғалысының одан әрі дамуындағы стратегиялық міндеттерді қалыптастырдық», делінген қабылданған қарарда. Сонымен бірге Қазақстан әйелдер форумы отбасы, әйел мен бала құқын қорғау мәселелерінде үкіметтік емес ұйымдармен, мемлекеттік органдармен ынтымақтастықты тереңдету қажет деп санайды. Гендерлік саясатқа қатысты заң жобаларын жетілдіру жұмысын белсендіріп, елдегі демографиялық ахуал мен салауатты өмір салтына баса назар аудару қажет деп біледі. «Қоғамдағы бірлік пен келісім негізі болып табылатын отбасылық құндылықтарды насихаттауды жандандыру аса қажет. Сонымен бірге осы мақсатта Халықаралық Отбасы күнімен ұштастырып Қазақстанда да мамырдың 15-ін «Отбасы күні» ретінде мерекелеу туралы бастаманы көтереміз. Мұндай шаралардың барлығы еліміздегі гендерлік жағдайдың одан әрі жақсара түсуіне қосылған тиімді үлес болып табылады», делінген қарарда.