Қазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен ғана сапарлай алады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды. 

Қазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен ғана сапарлай алады
Фото: Freepik

Келісімге Мемлекет басшысының Арменияға ресми сапары барысында 2024 жылғы сәуір айында қол қойылды.

— Келісім екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттердің аумақтарына тепе-тең негізде келу және болу тәртібін оңайлату, сондай-ақ бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болу мерзімін белгілеу, жарамды жол жүру құжаттарын айқындау мақсатында әзірленген, — деді сенатор Қайрат Тастекеев.

Ратификациялауға ұсынылып отырған келісім аясында екі ел азаматтары үшін бірдей негізде тиісті мерзім бекітілді. 

— Біріншіден, екі ел азаматтары үшін бірдей негізде 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқығы бар. Бірақ олардың есепке тұрмай болу мерзімі алты ай (180 күн) ішінде 90 тәуліктен аспауы тиіс.

— Екіншіден, бір тарап мемлекетінің азаматтары келу мемлекетінің құзыретті органдарында күнтізбелік 30 күн ішінде тіркелуден босатылады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар осы мемлекеттің құзыретті органдарында тіркелуге міндетті.

— Үшіншіден, Келісіммен шетелге жол жүруге арналған жарамды жол жүру құжаттар тізбесі айқындалған. Ондай құжаттар ретінде Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік, ал Армения азаматтары үшін сәйкестендіру картасы және басқа да құжаттар белгіленеді.

— Келісімді ратификациялау өзара уағдаласушы мемлекеттерде құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға және саяси, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді. Келісімді Армения Республикасы 2024 жылғы 15 қарашада ратификациялады, — деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат Қазақстан мен Арменияның қос азаматтықпен күрес жөніндегі құжатты мақұлдады

Осыған дейін Қазақстан мен Армения арасында виза режимі жойылатыны мәлім болды.

Соңғы жаңалықтар