Қазақстан азаматтары мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады

«5 институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы мемлекеттік қызметтің бірыңғай провайдеріне айналатын «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құруға тапсырма берген. Мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсетудің барлық орталықтарын бір жерге біріктіреді. Азаматтар мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады»,- деді заң жобасын таныстырған ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, Заң жобасы мемлекеттік қызметтерді көрсететін толық циклді қағидат бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленді. Яғни, қабылдау, өңдеу және құжат беру ұйымының өзімен іске асырылады.
«Халыққа қызмет көрсету орталықтарының оң жұмысын ескере отырып, оның негізінде Жер кадастры мемлекеттік ғылыми-өндірістік, Жылжымайтын мүлік және Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтарды қосу арқылы мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдерін құру ұсынылып отыр. Осы ұсыныс ҚР Президенті жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия тарапынан қолдау тапты», - деді Ж.Қасымбек.
Айта кетерлігі, Заң жобасының негізгі мақсаттары мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсарту және мерзімдерін қысқарту, сервистік компаниялардың қызметтерін қоса алғанда тұтынушымен толық циклді жүйеде жұмыс жасау, барлық мемлекеттік қызметтер бойынша қызмет көрсететін бірыңғай сапа стандарттарын енгізу, мемлекеттік қызметтерге қол жетімділікті көтеру болмақ.
Заң жобасын комитет мүшелері талқылап, оны Сенаттың жалпы отырысында қарау туралы шешім қабылдады.