Қазақстан азаматтары үшін құқықтық ақпараттарды жылдам әрі тегін беретін «Заң» деректер қоры таныстырылды
АСТАНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Әділет министрлігі қалың көпшіліктің құқықтық ақпараттарға қол жетімдігін қамтамасыз ету мақсатында республиканың Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚО) орнатылған «Заң» деректер базасын таныстырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомствоға еншілес «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ербол Оспановтың айтуынша, «Заң» деректер қоры (ДҚ) ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген құқықтық саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру, сондай-ақ халықтың құқықтық және компьютерлік сауаттылығын арттыру, ақпараттық теңсіздікті жою мақсатында жасалды.
«Заң» деректер базасына Қазақстан Республикасының барлық заңнамалық және басқа да нормативтік-құқықтық актілердің (НҚА) қазақ және орыс тілдеріндегі ресми мәтіндері енгізілген. Деректердің қоры ресми көздерден жинақталады және үнемі толықтырылып отырады. Қазіргі уақытта қорда 75 мыңнан астам нормативтік-құқықтық және басқа да актілер жинақталған.
«Кез келген азамат НҚА және басқа да актілер бойынша ақпараттарды ХҚО-ларға арнайы орнатылған компьютерлерден болмаса, кеңесшілерден біле алады. Компьютерде жұмыс істей алмайтындар үшін құжаттарды іздеу бойынша нұсқаулықтар дайындалған», - деді ол.
Бүгінде «Заң» ДҚ республика бойынша 40 ХҚО-ның күту залына орнатылды. Сонымен қатар соттардың 20 ғимаратына, 80 ғылыми кітапханаға және 35 жоғары оқу орнына ақпараттық-анықтамалық дүңгіршіктер қойылды. Дүңгіршіктер сондай-ақ, «Заң» деректер қорын қамтиды және қажетті ақпаратты ақысыз негізде электронды және қағаз түрінде бере алады.
Алдағы уақытта құқықтық ақпараттың мұндай қол жетімді көздерін аудандық деңгейдегі ХҚО-ларға, әуежайларға, вокзалдар мен халық көп шоғырланатын басқа да орындарға орнату көзделіп отыр.