Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан азаматтығын алуға арналған тестілеуге өтініш қабылдау 10 тамызда басталады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлер үшін тестілеуге өтініш қабылдау 10-20 тамыз аралығында жүргізіледі, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығы.

ЕНТ ҰБТ школьники тестирование оқушылар тестілеу
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Тестілеу 22 тамызда өтеді.

– Тестілеу үш бөлімнен тұрады: қазақ тілі бойынша 30 тапсырма, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша 40 тапсырма және Қазақстан тарихы бойынша 30 тапсырма беріледі, – делінген орталық хабарламасында.

Қазақ тілі бойынша тест қазақ тілінде өткізіледі және шекті балл – 15. Конституция негіздері бойынша тест қазақ немесе орыс тілінде тапсырылады, шекті балл – 20. Қазақстан тарихынан да қазақ немесе орыс тілінде тест тапсыруға болады, бұл бөлімдегі шекті балл – 15.

Жалпы тестілеуде ең жоғары нәтиже – 100 балл. Азаматтық алуға үміткер кемінде 50 балл жинауы тиіс.

Тестілеуге 2 сағат 10 минут беріледі. Мүгедектігі бар адамдарға қосымша 30 минут қарастырылған.

– Тестілеуге қатысу құны – 14 693 теңге. Дайындығын жақсартқысы келетін үміткерлер үшін 3 355 теңгеге ақылы байқау сынағы ұсынылады, – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.

Толық ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының testcenter.kz сайтындағы «Азаматтық алуға үміткерлерге» бөлімінде қолжетімді.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда 6 адам қос азаматтықпен жүргені хабарланды.