Қазақстан азаматтығын алған Еуропа чемпионы ұлттық құрамаға шақырту алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай футбол мектебінің түлегі Александр Зуев Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға шақырту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, А.Зуев ұлттық құраманың алдағы оқу-жаттығу жиынына жарақатына байланысты қатыспайтын Аслан Дарабаевтың орнына барады.

Александр Зуев 1996 жылы 26 маусымда Қостанайда дүниеге келген, «Тобыл» футбол мектебінің түлегі. Өз мансабында ресейлік «Спартак» (Мәскеу), «Ростов», «Рубин», «Химки» сынды клубтарда ойнаған. Жартылай қорғаушы Ресей чемпионатының аяқталған маусымын «Крылья Советов» клубы сапында өткізді.

Футболшы Ресейдің жастар және жасөспірімдер құрамаларына тұрақты түрде шақырылды. 2013 жылы 17 жасқа дейінгілер арасында Ресей құрамасы сапында Еуропа чемпионы болды. Сондай-ақ 2017 жылы мәскеулік «Спартак» құрамында Ресей чемпионы атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Карим Бенземаның саудиялық «Әл-Иттихад» клубының ойыншысы атанғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар
telegram