Қазақстан азаматтығын тағы 14 мыңнан астам адам алады
АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырыс өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Онда Қазақстан азаматтығын алғысы келетін отандастарымыздың, ТМД елдерінен және алыс шетелдерден келген басқа да ұлт өкілдерінің, барлығы 14 мыңнан астам адамның материалдары қаралды. Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойғаннан кейін өтініш білдірген жандар Қазақстан азаматы атанатын болады.Отырыста Қ. Саудабаев Қазақстан азаматтығын алушы адамдардың саны жыл сайын жүз мыңдап өсіп отырғанын, бұл тек еліміздегі халық санының өсуін ғана емес, сонымен бірге біздің мемлекеттің болашағына деген сенімді білдіретінін атап көрсетті. «Қазіргі қаржы дағдарысына қарамастан Қазақстан көші-қон кірісін қанағаттанарлықтай сақтап келеді. Бұл біздің мемлекеттің жетістіктерге жеткен елдердің қатарына қосылғанының және тұрақтылығының бір дәлелі», - деді Мемлекеттік хатшы.