Қазақстан азаматтығына 15 мыңнан астам адам ие болады
Таратылған мәліметтерге қарағанда, комиссия жұмысында Қазақстан азаматтығын алуға ниетті 15 мыңнан аса адамның, яғни олардың ішінде тарихи Отанына оралған отандастарымыздың және ТМД мен алыс шетелдерден келген басқа ұлт өкілдерінің құжаттары қаралды. Мемлекеттік хатшының сөзіне қарағанда, Елбасы тиісті Жарлыққа қол қойғаннан кейін өтініштерін берген адамдар еліміздің азаматтары болады. «Тәуелсіз Қазақстан азаматының төл құжатын алу құқына ие болған әрбір отбасы үшін бұл оқиға нағыз мереке болып табылады», деп атап өтті Қ. Саудабаев.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, жыл сайын отандастарымыздың саны шамамен 100 мың адамға көбейіп отыр. Бұл көрсеткіш халықтың табиғи өсімімен қатар, Қазақстанға түрлі елдерден келген азаматтардың санының едәуір артқанымен жоғарылап отыр.
«Қазақстан азаматтығын алуға ниетті адамдар біздің мемлекетіміздің өздеріне өмірдік кепілдікті, сондай-ақ өздерінің балаларының айқын болашағын көреді. Комиссия ұсынысын Мемлекет басшысы бекіткеннен кейін біздің жаңа отандастарымыздың ешқайсысында да олардың жасаған таңдауы дұрыс екендігінде күдіктері болмауы үшін мемлекеттік органдар барлық жағдайды жасаулары тиіс», деді Мемлекеттік хатшы.