Қазақстан азаматтық қоғамды дамыту бағытында Еуропалық Одақпен диалогқа барынша ашық - В. Бобров
Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 9-шы отырысы барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Бобров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еуроодақ елдерінде Қазақстанның саяси жүйесін және қазақстандық азаматтық қоғамды дамыту мәселесі көбірек айтылады. Шынында, біз ешқашанда қазіргі жүйені ең жетілген деп есептеген емеспіз. Бұл жүйенің өзі ауқымды аумақты қамтып жатқан мемлекеттегі аса ауыр үдерістердің трансформациясының нәтижесі. Алтайдан Атырауға дейінгі бұл кеңістікте саяси құрылым мен экономикалық жүйе өзгеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге Қазақстан өзінің егемендігін нығайтып, азаматтық соғысты болдырмады, өз еркімен ядролық қарудан бас тартты. Сондықтан да, біз осы мәселе төңірегінде кез-келген диалогқа ашықпыз», деді В. Бобров.
Сөз арасында Мәжіліс депутаты қазақстандық тараптан да бірқатар Еуроодақ елдеріндегі адам құқықтарының сақталуына қатысты сұрақтары бар екендігін еске салды. «Дегенмен, менің ойымша бұндай өзекті тақырып «ҚР-ЕО» Адам құқықтары жөніндегі диалог аясындағы арнайы әңгімеге арқау бола алады», деді ол.