Қазақстан азаматы Ресей ОСК басшысына шабуыл жасады деген күдікпен ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының азаматы Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы басшысына шабуыл жасағаны үшін қамауға алынды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан азаматы Ресей ОСК басшысына шабуыл жасады деген күдікпен ұсталды

ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 7 қыркүйек күні 1983 жылғы ҚР азаматы Бақыт Қарабалаев ұсталған. Оған Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының басшысы Э.Памфиловаға шабуыл жасады деген айып тағылып отыр. Бұлтартпау шарасының аясында отандасымыз 6 қарашаға дейін қамауда болады.

«Қазақстан азаматына қатысты РФ Қылмыстық кодексінің 162-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Соттан кейінгі консулдық кездесуде Қарабалаев ешқандай шағымы жоқ екенін, аудармашыға мұқтаж еместігін айтқан. Ол адвокат қызметімен қамтамасыз етілген», - делінген ҚР СІМ ресми мәліметінде.