Қазақстан азаматынан бір тоннадан астам марихуана тәркіленді
АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат - «Кендір-2011» жедел-алдын алу шарасын өткізу барысында Көліктегі ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Шу стансысының «Шу-Құмөзек» өткеліндегі жабайы қарасораның қалың өскен жерінде Алматы облысының 30 жасар тұрғынын ұстады,
деп хабарлады ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті.
Ұсталған азаматтан салмағы 1 тонна 185 келі болатын марихуана табылды. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, «Алматы-Қапшағай» автожолының 45-інші шақырымында Шошқалысай ауылында Алматы облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласының 32 жасар тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде одан салмағы 16 келі 640 грамм болатын марихуана есірткісі табылды. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.