Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан президенттері Астанадағы «Мәңгілік Ел» қойылымын тамашалауда (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойын мерекелеу аясында театрландырылған «Мәңгілік Ел» қойылымы басталды.
Мерекелік көріністі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия парламентінің төрағасы Исмет Йылмаз тамашалауда.
«Барыс» Мұз сарайында театрландырылған ауқымды мерекелік қойылым қазақ жерінің тарихын баяндайтын біртума музыкалық-әдеби шығарма. Шоудың әдеби сценарийі негізінде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабы алынған. Қойылымның музыкалық қатарына әр заманның қазақ авторларының шығармалары, оның ішінде ұлттық, симфониялық және экстрадалық музыка да кірген. Қойылым сценарийі сегіз тарауға бөлінеді. Оның әрқайсысы Қазақстанның даму кезеңдерінің біріне арналады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының мерейтойы екі кезеңде өтеді: біріншісі - Астанада, ал екіншісі - Таразда. Астанадағы салтанатты шаралар 11 қыркүйекте басталды. Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Ал түстен кейін Назарбаев Университетінде «Мәңгілік Ел» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Елордада өтетін бағдарламаға сәнді қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкесі, халық шеберлерінің көрмесі, еліміздің үздік шығармашылық ұжымдарының концерттері кіреді.
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясындағы мәдени шаралардың негізгілерінің бірі республика аймақтарының қатысуымен «Қазақ елі» монументі маңындағы алаңда өтетін этно-ауыл мен бұқаралық серуен болып табылады. «Қазақ Елі» монументі алаңы үш күнге елорда тұрғындары мен қала қонақтары тамашалай алатын үлкен этно-ауылға айналады. Алаңда елу киіз үй тігіліп, екі үлкен сахна, алтыбақандар, спорттық алаңдар, тайқазандар және басқа да нысандар орнатылады.
Белгілі болғандай, 9 қазанда Таразда жалғасатын екінші кезең аясында «Қазақ хандығына 550» монументін салтанатты түрде ашу, «Көне Тараз» мұражайының ашылуы, сондай-ақ бірқатар мәдени шаралар қамтылып отыр.