Қазақстан Азиядағы сенімді стратегиялық әріптесі - Кореямен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды

Бүгін Ақордада бірқатар шетел Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. «Қазақстан Азиядағы сенімді стратегиялық әріптесі - Корея Республикасымен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Біздің ынтымақтастығымыз биік деңгейге көтерілді. Корея Республикасының Президенті Пак Хын Ке Астанаға өткен жылы мемлекеттік сапармен келді. Сол кезде біз ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделі екенімізді қуаттадық», - деді ҚР Президенті. Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қазақстан экономикасына салынған корея инвестициясы жалпы төрт млрд. доллардан асқан. Корея компанияларының қатысуымен біріккен жиырма төрт жоба ісе асырылуда. «Астана мен Сеулдің көптеген халықаралық мәселелер жөнінде ойлары бір екенін айтқым келеді. Сауда-экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту халықтарға пайда әкелетіндігіне сенімдімін», - деді Елбасы.