Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде 113 елдің арасында 32-ші орында
«Пандемия салдары мен көрші елдердегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі бойынша оң динамика сақталып отыр. Өткен жылы әлемдік «Global Food Security» индексінде еліміз 113 мемлекеттің арасында 32-орынға тұрақтады. Бұл өте жақсы көрсеткіш», - деп мәлім етті Ербол Қарашөкеев.
Министр баяндағандай, көрсеткіштердің жақсаруына Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары оң әсер етіп отыр.
«Жалпы, биыл Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1 млрд доллар көлемінде қаржы қарастырылған. Бұған қоса, мемлекет алдағы бірнеше жылда ірі жобаларға 1 млрд долларға жуық қаражат бөлуді жоспарлап отыр», - деді Ербол Қарашөкеев.
Оның айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 млрд доллар инвестиция тартылған. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларының өндірісі 4% артып, 6,5 млрд долларға жетті.