Қазақстан БАӘ экономикасына 900 млн. АҚШ долларын инвестициялады

АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың әлеуеті жоғары. Бұл туралы бүгін Қазақстан-БАӘ бизнес-форумында ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан БАӘ экономикасына 900 млн. АҚШ долларын инвестициялады

«Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан үшін Таяу Шығыстағы ең негізгі әріптестердің бірі болып отыр. Біздің қатынастар достық пен өзара сенімге негізделген. Бүгінде біз екіжақты сауда-экономикалық байланыстардың дамуының оңтайлы қарқынын байқап отырмыз. Елімізбен тауар айналымы көлемі бойынша БАӘ тарапы Таяу Шығыс елдері арасында бірінші орында тұр»,-деді Қасымбек.

Оның атап өтуінше, 2015 жылмен салыстырғанда, 2016 жылы тауар айналымы көлемі екі ел арасында үш есеге артқан.

«Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта БАӘ тарапынан Қазақстанға салынған тікелей инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар Қазақстан БАӘ экономикасына 900 миллионнан астам АҚШ долларын инвестициялады. Бүгінде Әмірліктер бизнесінің қатысуымен елімізде бірлескен 200-ге тарта кәсіпорын жұмыс істеуде»,-деп нақтылады министр.

Осы орайда ол ауыл шаруашылығында, энергетикада, тау-кен саласында бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын еске салып өтті.
«Дегенмен де сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін біздің әлеуетіміз әлдеқайда жоғары»,-деп атап өтті Қасымбек.

Бизнес-форумға Біріккен Араб Әмірліктерінің 60-қа жуық компанияларының өкілдері және Қазақстанның 250-ден астам кәсіпкерлері қатысуда.