Қазақстан банктері Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасына қатысуға мүдделілік танытуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан банктері «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысуға мүдделілік танытуда.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
««Даму» КДҚ» АҚ-ның ақпаратына қарағанда, бағдарламаға қатысуға банк қоғамдастығы тарапынан мүдделілік байқалуда. Микроқаржылық ұйымдар қарыз қаражаттың төмен табыстылығы себебінен және қала тұрғындары мен бизнестен олардың несиелік өнімдеріне нарықтық мөлшерлеме бойынша сұраныс болуы есебінен бағдарламаға қатысуға ынта білдірмеді»,- деді ол.
Оның дерегінше, 10 млрд теңге көлеміндегі қаржы лимиті «Даму» қоры шешімімен бағдарлама шартына сәйкес филиалдық жүйелері көп, Халық банкінің пруденциялық және басқа да нормативтерін орындап отырған, мерзімі өткен қарыздарының үлесі төмен екінші деңгейлі 6 банкке берілген. Қаржы лимиттерін «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «Нұрбанк» АҚ, «БанкЦентр Кредит» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «АТФ Банк» және «Сбербанк» АҚ Еншілес банкі алып отыр.
Қаражатқа неғұрлым көбірек сұраныс «Қазақстанның Халық банкі» АҚ пен «Нұрбанк» АҚ тарапынан жасалды. Олардың өтініштері 2 млрд теңгеден жоғары қаражатты құрайды. 1 млрд теңгеден жоғары қаражатты игеруге «БанкЦентрКредит» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «АТФ Банк» АҚ дайын екендігін білдірді.
Банктерде 4,6 млрд теңгені орналастыру туралы шешім қабылданды. Оның 1,3 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктерге аударылды. «Даму» қорының мәліметінше, 3,3 млрд теңге 2017 жылғы 10 тамызға дейін коммерциялық банктер тарапынан келісімге қол қойылғаннан соң аударылады. 5,4 млрд теңге көлеміндегі қалған қаржының алғашқы бөлігі игерілгеннен кейін банктерге орналастырылады.