Қазақстан банктері жеке тұлғалардың депозиттері бойынша жаңа мөлшерлемелер белгіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғарғы мөлшерін 10%-дан 14%-ға дейін белгілеу жөнінде шешім қабылдады, шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлеме 3%-дан 2%-ға дейін төмендетілді.

Қазақстан банктері жеке тұлғалардың депозиттері бойынша жаңа мөлшерлемелер белгіледі

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Төрағасы Данияр Ақышев бұл туралы Шымкент қаласындағы баспасөз конференциясында журналистерге мәлімдеді.

«Бұл теңгемен ашылған депозиттердің тартымдылығын арттыруға және азаматтарымыздың жинақ ақшасының қорғалуына мүмкіндік береді» - деді ол.

«Сондай-ақ, біз АҚШ долларындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелердің жаңа деңгейін барабар және қажетті кірістілікті қамтамасыз ететін деңгей ретінде бағалаймыз. Мысал ретінде келтірсек, АҚШ долларындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелердің бұл деңгейін Ресейдегі мөлшерлемелермен салыстыруға келеді және дамыған елдердегі мөлшерлемелерден бірнеше есе жоғары болып табылады», - деп атап өтті Д. Ақышев, «Ұлттық Банктің қолма-қол шетел валютасымен операциялар бойынша немесе депозиттерді алу бойынша қандай да бір шектеулерді қарастырмайтынын және оларды енгізуді жоспарлап отырмағанын» айта келе, «Біз долларлық депозиттерді теңгелік депозиттерге қандай да бір мәжбүрлеп аудару бойынша ешбір іс-қимыл жоспарлап отырған жоқпыз. Бұл - жалған ақпарат, оған ешбір негіз жоқ», - деді Ұлттық банк басшысы.

«Бұрын айтып өткенімдей, қаржы және валюта нарығындағы тұрақтандыру мәселелері азаматтарымыздың есебінен шешілмеуге тиіс», - деп мәлімдеді Д. Ақышев.