Қазақстан барлық тарапты Сирия дағдарысын кідіріссіз шешуге белсенді қатысуға шақырады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан барлық тарапты Сирия дағдарысын кідіріссіз шешуге белсенді қатысуға шақырады. Бұл туралы аталған келіссөздердің жалпы отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлім етті.

Жиын
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Бүгін біз Сирияда берік бейбітшілікті орнату жолындағы маңызды кезең – Астана процесі аясындағы жұмысымызды жалғастырып отырмыз. Бұл оқиға Сирияның болашағы үшін ғана емес, сонымен қатар көптеген күрделі мәселе мен қайшылықтарға тап болған бүкіл аймақ үшін маңызды. Таяу Шығыстағы шиеленістің қазіргі ушығуы шекарадан тыс жерлерді қамтып, аймақтық тұрақтылыққа қауіп төндіретін және айтарлықтай геосаяси әрі экономикалық кедергілер тудыратын елеуі тәуекелдерді де қоса қоздырады. Біз бұл текетірестің үшінші тараптың қатысуымен ауқымды әскери қақтығысқа ұласу мүмкіндігіне ерекше қырағылық танытуымыз қажет. Мұндай оқиғалардың салдары аймақтың болашақ өркендеуі мен қауіпсіздігі үшін жойқын болады. Осыны ескере отырып, біздің барлық мүдделі тарап арасында сындарлы диалог қалыптастыруымыз өте маңызды. Саяси шешімге ұмтылу айрықша маңызға ие. Біз берік бейбітшілік пен тұрақтылыққа жол ашуға бағытталған дипломатиялық бастамаларға басымдық беруіміз қажет деп есептейміз», - деді Әлібек Бақаев.

Оның атап өтуінше, осы мақсатқа жету үшін, Сирияның болашағын талқылау үшін Конституциялық комитеттің отырыстарын жандандыру қажет. Мұндай пікірталастар ішкі саяси бірлікті нығайту, ұлтты жарқын және тұрақты болашаққа бағыттау үшін өте маңызды. 

«Соңғы жылдары Қазақстан Сирия халқын қолдап келеді және Сирия дағдарысын реттеуде белсенді рөл атқарады. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап, Сирия бойынша Астана форматында Иран, Ресей және Түркияның делдалдығымен, БҰҰ-ның қолдауымен келіссөздер өтіп келеді. Бұл платформа бізге деэскалация аймақтарын дамытуға және зорлық-зомдылықты азайтуға ықпал ететін маңызды келісімдерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Қазақстан қақтығысушы тараптарды татуластыру үшін халықаралық ынтымақтастықтың өте маңызды екенін түсініп, Астана процесіне бейілді болып қала береді. Сирия тарихындағы осы қайғылы жайтты шешудің жалғыз жолы бұл – БҰҰ жарғысы мен қарарларына сәйкес үйлестірілген саяси жіне дипломатиялық тәсіл. Қазақстан барлық тарапты Сириядағы дағдарысты кідіріссіз шешуге белсенді қатысуға, аймақта тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға шақырады», - деді министр орынбасары.

Айта кетейік, кездесуге қатысу үшін Қазақстан елордасына 11 делегация келді. Сирия Үкіметінің келіссөз тобына Сыртқы істер және экспатрианттар істері жөніндегі министрдің орынбасары Айман Раад жетекшілік етсе, Сирия оппозициясы атынан Ахмад Тома басшылық етті.

Сонымен қатар кездесуге кепілгер елдердің делегациялары қатысты: Ресей делегациясын Сириядағы жағдайды реттеу бойынша РФ Президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясын ТР СІМ-нің Екіжақты саяси қатынастар жөніндегі бас директоры Мустафа Юрдакул, ал Иран делегациясын ИИР СІМ-нің Арнайы саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Али Асгар Хаджи.

Келіссөздерге бақылаушы ретінде Иордания, Ливан және Ирак өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар – Біріккен Ұлттар Ұйымы, БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы және Қызыл Крест өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар