«Қазақстан Барысы»: А.Нұғымаров 1-ші айналымда сүрініп, келесі айналымда М.Тұрсынов пен Б.Ыстыбаев кездесетін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан Ұлт көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирі бойынша екінші айналымға өткен палуандар айқындалды.

«Қазақстан Барысы»: А.Нұғымаров 1-ші айналымда сүрініп, келесі айналымда М.Тұрсынов пен Б.Ыстыбаев кездесетін болды

Боз кілемдегі белдесуде сұрапталып, сытылып шыққандар кіл мықтылар болып отыр. Балуандардың келесі айналымы да аса тартысты өтпек. Өйткені, бұл жолы «Қазақстан Барысы» атағынан екі басты үміткер - Мұхит Тұрсынов пен Бейбіт Ыстыбаев кездесетін болып отыр. Айта кетейік, қалыптасқан ереже бойынша «Қазақстан Барысы» турниріне еліміздің әр аймағынан іріктелген 32 балуан мен былтырғы жылғы жарыстың жеңімпазы Мұхит Тұрсынов жолдама алған болатын. Осыған орай, екі топта бөлініп күрескен палуандардың он алтысы келесі екінші айналымға өтті. Келесі айналымға өткендер арасында 2012 жылғы чемпион Бейбіт Ыстыбаев, қарағандылық Ержан Шыныкеев, былтырғы финалға шығып, екінші орынға иеленген Асыл Бәрменов, қызылордалық Рүстем Әбдіразақов, салмағы ең ауыр палуан шымкенттік Жұманазар Ерсұлтановтар бар. Айта кетерлігі, бірінші айналым барысында ең қызу тартыс 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғырамов пен 2014 жылғы чемпион Мұхит Тұрсыновтың арасында өтті. Екеуі де Шығыс Қазақстан облысының арландары. Бірінші айналымда екі палуанның арасындағы қызу тартыс барысында екі палуан негізгі уақытта бір-бірін ала алмады. Қосымша белдесу кезінде боз кілемнен Айбек Нұғымаровтың аяғы шығып кетіп, Мұхит Тұрсынов жеңіске жетті. Ол келесі айналымға өтті. Осылайша, жеребенің түсуіне орай Айбек Нұғымаров бірінші айналымнан-ақ сүрінді. Енді Мұхит Тұрсынов пен Бейбіт Ыстыбаев жолығатын болды. Еске сала кетейік, «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінің жүлде қоры 225 000 АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде 35 мың АҚШ доллары спортшылардың жаттықтырушыларына тағайындалған. Жүлде қоры төмендегідей: 1-орын - 150 мың АҚШ доллары; 2-орын - 30 мың АҚШ доллары; 3-орын - 10 мың АҚШ доллары.