«Қазақстан барысы» - әлем халқын қызықтыратын жоба» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 19 қыркүйек, сәрсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қазақстан барысы» - әлем халқын қызықтыратын жоба» - республикалық басылымдарға шолу

                                                              ***
Павлодар облысы орталығында 18-19 қыркүйек күндеріне белгіленген «Қазақстан мен Ресейдің ІХ Аймақ­ара­лық ынтымақтастық форумына» арналған шаралар бас­талды. Бүгін шараға екі мемлекеттің Прези­дент­тері қатысады. Ал кеше жұмыс сапарымен Павло­дар­ға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Қазақстан мен Ресейдің ай­мақ­аралық іскерлік ынтымақ­тас­ты­ғының IX форумы аясында Елбасы алдымен электролиз зауы­тының базасында салынған жаңа анодты өндірісті аралап көрді. Кәсіпорынды аралау барысында Нұрсұлтан Назарбаев ұжыммен әңгімелесті, сондай-ақ іске қосу-реттеу жұмысын бас­тап берді және анодты күйдіру жөніндегі кешенді іске қосты. «Мен сіздерді заманауи анод­ты зауыттың ашылуымен құт­тықтаймын. Бұл - мүлде жаңа бі­регей технология. Енді сіз­дер­де тұрақты жұмыс және жақсы еңбекақы бар. «Қазақстан электролиз зауытының» жоспарында келешекте құю өндірісін кеңейту қарастырылған», - деді Мемлекет басшысы. Осы маңызды форум аясындағы Елбасының өңірге сапары жайында «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Ынтымақтастық көкжиегі интеграциялық, инновациялық даму арқылы кеңейеді» атты мақалада жазылған.

 

Сонымен қатар осы басылымның жазуынша, еңбек адамына деген ерекше құрмет бізде одан әрі жалғасын табатын болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында осылай деп, әр адамның  өмірдегі қоғамдық жауапкер­ші­лігін арттыру міндетін алға қойды. «Нұрсұлтан Әбіш­ұлы жаздың құрғақшылығына қа­рамастан облыс диқандары биыл да мол астық жинағалы отыр­ғанын атап көрсетті. Бүгінде 3,8 миллион гектар дәнді дақылдар алқабының 85 пайызы басты­ры­лып, гектар берекелі 12,4 центнерден айналуда. Жарыс көшін Қызылжар ауданы бастап келеді. Мұнда орташа түсім -16 центнер. Жекелеген шаруашылықтардың көрсеткіші тіпті жоғары. Оның нақты үлгісін вагулиндіктердің қа­жырлы қимылынан-ақ байқау­ға болады. Елбасы егін алқап­та­рын аралап көргеннен кейін серіктестік басшысы Мәди Ибраев­ты әңгімеге тартты. Ол егістік ал­қап 13 мың гектарды құрай­ты­нын, 8100 гектар жерге егілген дәнді дақылдарды жинау бүгін аяқталатынын, орташа түсім 28 центнерден асып түскенін жеткізді»,-деп жазады газет.  Атап айтқанда, Мемлекет басшысының СҚО өңіріне жасаған сапары туралы   «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Адам игілігі - өмірде, ал өмір - еңбекте» атты тақырыппен жарық көрді.

                                                                                        
***

«Айқын» басылымының жазуынша, Адам капиталының сапасын көтеру үшін оның білімі жоғары болуы шарт. Ал бүгінгі білімді бағалау ақпараттық заман ағымынан қалмауы тиіс. Олай болса, ғылым мен техниканың дамуы алға шығып кеткен заманда білімді бағалау қалай жүргізілуі керек? Біз қандай адамды білімді деп айтамыз? Осы тектес мәселе кеше Астанада өткен Білім беруді бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастықтың 38-конференциясында талқыға түсті. Әлемнің 39 елінен 300-дей жетекші сарапшы қатысқан бұл жиын қауым­дастыққа мүше елдерде жыл сайын өтіп тұрады. Мақсат - білім сапасын дұрыс бағалаудың жүйесі мен технологиясын талқылау. Соның жемісі ме екен, біздің елде білімді «12» балмен бағалауды енгізу туралы сөз қозғала басталды. «12» балдық бағалау аспаннан түспепті. Дамыған елдерде әлдеқашаннан бері бар. Мәселен, дамыған елдерде сабақтан «5» алсаңыз білімді балаға жатпайсыз. Біліміңіз мойын­далу үшін «12» балл алуыңыз керек. Осы жайында толығырақ білгіңіз келсе «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «12»-лік бағаға әлі-ақ үйреніп кетеміз» атты мақаланы оқыңыз.

 

 Сондай-ақ осы басылым бетінде «Қазақстан барысы» - әлем халқын қызықтыратын жоба» атты тақырыпта мақала жарияланған. Қазақ күресі жанкүйерлерінің делебесі қозар күн жақын! Алдағы сенбіде, 22 қыркүйекте еліміздің бас қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде Қазақстан Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді. Осы ұлы дода қарсаңында оның ұйымдастырушылары алақандарын ысқылап, спорттық думанды тағатсыздана күткен ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. «Бұл тек таза спорттық шара емес, оның патриоттық, идеологиялық мәні зор. Ол - сондай-ақ әлеуметтік жоба. Біз әу бастан-ақ бұл турнирді бойында бұла күші бұлқынған жастарымыз, әсіресе, ауыл жастары үшін жоғары көтерілер «әлеуметтік лифт» ретінде ұсынудамыз» , - деді «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының президенті Арман Шораев

 ***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Босануға байланысты берілетін жәрдемақыны жылдық орташа айлық жалақымен есептемей, бәріне бірдей ету керек пе?» атты мақала жариялап, көкейкесті мәселе көтерді. Басылымның жазуынша,  жыл сайын еліміздегі босанған аналарға 200 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді екен. Ал бұл қаржының 90 пайызын жоғары мөлшерде жалақы алатын аналар иеленетін көрінеді. Себебі елімізде босануға байланысты берілетін жәрдемақы (аналардың декреттік демалысы мен бала бір жасқа толғанша төленетін жәрдемақы) болашақ ананың жылдық орташа айлық жалақысымен есептелінеді. Тіпті осындай жолмен есептеу арқылы 6 миллион теңгеге шейін жәрдемақы алуға болатынын мамандар анықтап отыр. Тиісінше төменгі мөлшердегі жалақы алатындар бұдан жүз есе төмен мөлшердегі жәрдемақыны қанағат етеді. «Босануға байланысты берілетін жәрдемақыны жылдық орташа айлық жалақымен есептемей, бәріне бірдей ету керек пе?» - деген сауалды газет тілшісі «Ой- көкпар» айдарында мамандар талқысына салып көрген еді.

 

Осы басылымның бүгінгі санында жастардың есірткіге елітуі мәселесі көтеріліп отыр. Жасыратыны жоқ, есірткіге тәуелділік күн өткен сайын артпаса, кемімей отыр. Соның ішінде жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігі төбе шашыңызды тік тұрғызады. Аттандап, бекерге атқа қонып отырған жоқпыз. Себебі көп жағдайда 13-14 жастағы жасөспірімдер уланып жүр. Жасөспірімдер бұл күні желім, сыр, жанармай, ұшуға бейім еріткіш секілді уытты заттарды иіскеп, еліруде. Ертең егілетініне күмән жоқ.  Наркологиялық тіркеуде тек ресми сандар сөйлейді. Ал ол тізімге енбей қалғандары қанша? Осы сұраққа жауап алу  мақсатында газет тілшісі «Елес соңында еліріп жүрген жастарды қалай тоқтатамыз?!» деген  көлемді мақаланы оқырмандарына арнап отыр.