«Қазақстан барысы» атағы үшін жарыс ұйымдастырудағы басты мақсат - қазақ күресін бұқаралық спорт түріне айналдыру - А.Шораев

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - «Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атағы үшін жарыс ұйымдастырудағы басты мақсат - аталмыш ұлттық спорт түрін Қазақстандағы №1 спорт түріне айналдыру»,- дейді аталмыш жарыстың ұйымдастырушылары.

«Қазақстан барысы» атағы үшін жарыс ұйымдастырудағы басты мақсат - қазақ күресін бұқаралық спорт түріне айналдыру - А.Шораев

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін ұйымдастырылатын «Қазақстан барысы» жарысының екінші кезеңінің ашылуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында осы жарыстың ұйымдастырушылары мәлім етті.

«Қазақ күресі халқымыздың жүздеген жылдардан бері келе жатқан көне дәстүрлерінің бірі. Өкінішке қарай, бұл игі дәстүр соңғы жылдары тек ұлттық мерекелермен байланысты той-жиындарда ғана ұйымдастырылатын ойын-сауықтың бір түріне айналып бара жатты десек артық айтқандық емес. Біздің мақсатымыз - осы жоғалып бара жатқан дәстүрімізді кеңінен насихаттай отырып, оны елдегі нөмірі бірінші спорт түріне айналдыру»,- дейді «КТК» телеарнасының Бас директоры, «Қазақстан барысы» жобасының авторы - Арман Шораев. 

Оның сөзінше, өткен жылғы «Қазақстан барысы» атағы үшін қазақ күресінен ұйымдастырылған жарыс сәтті өтіп, қызылордалық Ұлан Рысқұл 150 мың АҚШ долларын жеңіп алды. «Қазақ күресі Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, әлеуметтік лифтінің бірі. Өйткені оның еліміздің жас ұландарын спортқа баулып, зиянды әдеттерден ада, елін, жерін қорғай алатын, нар тұлғалы азамат болып өсулеріне   ықпал ететін тәрбиелік мәні де бар. Біз осы жарысты ұйымдастыра отырып, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. «Қазақстан барысы» жарысынан соң елдегі спорттық үйірмелердегі қазақ күресі секцияларына келуші жастар саны күрт артты. Яғни біздің қазақ күресін бұқаралық спорт түріне айналдыру мақсатындағы жоспарларымыздың  бастапқы кезеңдері іске асты»,- деді А.Шораев.