«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінен бес балуан шеттетілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлт Көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің ұйымдастырушылары биылғы финалдық сыннан бес балуанның шеттетілгендігін ресми түрде мәлімдеді.

«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінен бес балуан шеттетілді

Бұл туралы «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорынан хабарлады.

«Қазақстан Барысы» турнирін өткізу Регламентінің «ІV. Жарыстың өткізілу тәртібі» тармағында көрсетілген талапқа сәйкес ауылдық, аудандық іріктеу сындарынан өтпеген Қостанай облысының балуаны Ғабит Балғынбаев турнирдің финалдық бәсекесіне қатысу құқығынан айырылды. Ұйымдастыру комитеті тарапынан жүргізілген тексеру шаралары нәтижесінде Ғабит Балғынбаев облыстық ІІІ іріктеу жарысына жергілікті спорт басқармасы басшыларының шешімі бойынша жіберілгендігі анықталды.

Сонымен қатар, регламенттің аталған тармағындағы талапқа сай балуандар өздері ресми түрде тіркелген облыстың іріктеу сындарына ғана қатысуға құқылы. Тұрғылықты мекенжайы бойынша Арқалық қаласында тіркелген Ғабит Балғынбаев Астана қаласында ұйымдастырылған іріктеу сынына қатысып, регламенттің тағы бір шартын бұзған.

Аталған дәйектерге сүйене отырып, Қор Ғ.Балғынбаевты Ұлт Көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің финалдық сынынан шеттету туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, «Допингке қарсы ұлттық орталығы» ММ-нің 2014 жылғы 20-шы маусымдағы допингтік сынама қорытындысына сәйкес қан құрамында допингтік зат анықталған Батыс Қазақстан облысының балуаны Дамир Қалақов, Қостанай облысының балуаны Михаил Твердохлебов, Астана қаласының балуаны Нұрғали Байтарақов және Маңғыстау облысының балуаны Манас Иманқұлов финалдық бәсекеден шеттетіледі.

Осыған орай, 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» жобасының ақтық додасында 28 балуан бақ сынайтын болады.

Турнирдің 29 маусымда, Астана қаласындағы «Сарыарқа» респуликалық велотрегінде, сағат 13:00-де басталатындығын естеріңізге саламыз.

Жобаны ұйымдастырушылар: «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры, «Астана» КПСК, «Нұр Отан» партиясы, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Астана қаласының әкімдігі.

Бас демеуші: «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ.

Демеушілер мен серіктестер: «Kaspi Bank» АҚ, «SAT&Company» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, Astana Motors «Hyundai» сауда белгісімен, «ПетроҚазақстан» АҚ, «ҚазАгро»ҰБХ», «Арена S» ЖШС «Sulpak» сауда белгісімен, Daco Motors Kazakhstan YOKOHAMA сауда белгісімен, «Нұр Медиа» холдингі, «Қазақстан» телеарнасы.

Жоба идеясының авторы - Арман Шораев.