«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы миллионерге айналады
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Қазақстан барысы» турнирінің көрермендері арасында автокөлік ойнатылады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан барысы» қорының басшысы Арман Шораев мәлім етті.
Оның айтуынша, құны 4,5 млн. теңге болатын Хюндай Елантра автокөлігі тамашалауға келген көрермендердің билеттері арқылы ойнатылмақ.
Еске сала кетейік, 2012 жылдың 22 кыркүйегінде Астанада 32 палуан «Қазақстан барысы» атағына таласады. Жарыс 74 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өтеді. Турнирдің басты жүлдесі - ҚР Ұлттық банкі құйған «Алтын тайтұяқ» кубогі және Алтын белбеу. Оған қоса, жеңімпаз 24 млн. теңге мен 6,5 млн. теңге тұратын Хюндай Соната көлігін иеленеді. Екінші, үшінші орын алғандар күміс пен қола медаль және ақшалай сыйақы алады.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғанындай, ұйымдастырушылар былтырғы кемшіліктерді қысқартқан. Биыл қатысушылардың саны екі есе азайтылған. Бірақ санын азайтқанмен, сапасын керісінше көтердік деп отыр.
«Аудан және облыс деңгейінде қызу шайқастар болды. Себебі әр облыстан бұрынғыдай 4 емес, екі адамнан ғана іріктеп алдық. Былтыр, жасыратыны жоқ, іріктеу туры жәй қағаз түрінде өтті. Ал биыл финалға бергісіз әдемі айқастар болды. Сондықтан биыл ең білекті, мықты палуандар шықты деп ойлаймын», - дейді А. Шораев.
«Қазақстан барысы» қоры жетекшісінің айтуынша, ең басты мақсат - ұлттық күресті ең алдымен өз елімізде нөмірі бірінші спортқа айналдыру, екіншіден, бұл күрес түрін шетелдік туристтерді тартатын бренд деңгейіне дейін көтеру.
«Мысалы, Моңғолияда түйе палуандар күресіне австралиялықтар, немістер, америкалықтар келіп тамашалауға дағды жасап алған. 3-4 жылдан кейін біздің де палуандарымыз Моңғолияға, Жапонияға барып, сол жерде керемет дегендердің барлығын жамбасқа салатын деңгейге жетеді», - деп атап өтті ол.
Ұлттық қазақ күресінен өтетін турнирдің негізгі мақсаты - қазақ күресін дамыту және жастарды ұлттық салт-дәстүрге дәріптеу. Сонымен қатар, қазақ күресін жазғы Олимпиада мен Азия ойындарына қосу жоспары бар.
Былтыр 20 тамызда Қазақстанда «Қазақстан барысы» І республикалық турнирі 64 палуанның қатысуымен өткені белгілі.
Онда жүлде қоры 250 мың АҚШ долларын құрады. Алтын белбеу қызылордалық Ұлан Рысқұлға, күміс белбеу жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевқа, қола белбеу шығысқазақстандық Шалқар Жоламановқа бұйырды.
Ұйымдастырушылар: ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысы әкімдігі, «Қазақстан барысы» Қазақ күресін дамыту қоғамдық қоры, Қазақ күресі федерациясы.
Турнирдің бас демеушісі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ. Турнир туралы толығырақ www.кazakhstanbarysy.kz сайтынан білуге болады.