Қазақстан Барысына Батыс Қазақстаннан екі балуан барады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақ күресінен дәстүрлі «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне Батыс Қазақстан облысынан екі балуан барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақсай қаласында аталмыш турнирдің облыстық іріктеу кезеңі мәреге жетті.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы, БҚО қазақ күресі ассоциациясы және Бөрлі ауданы әкімдігі ұйымдастырған додаға барлығы 14 балуан қатысып, бақ сынады.

Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов пен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров спортшыларға сәттілік тіледі.

Тартысты өткен белдесулерден кейін финалға бөрлілік Темірлан Көлбай мен Сырым ауданының өкілі Мерей Бердіғали шықты. Соңғы сында Темірлан қарсыласынан басым түсіп, «Жайық Барысы» атанды. Үшінші орын жаңақалалық Ерасыл Ахметовке бұйырды.

Жеңімпаз-жүлдегерлер арнайы белбеу, диплом, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Осылайша, биыл «Қазақстан Барысында» Т.Көлбаймен бірге М.Бердіғали алғаш рет облыс намысын қорғайды.

«Шәкіртім Темірлан Көлбай осымен төртінші рет «Қазақстан Барысына» барғалы отыр. Темірлан – сонымен қатар самбо мен дзюдодан олжа салып жүрген балуан. Самбодан екі дүркін Азия чемпионы, дзюдодан Азия біріншілігінің жеңімпазы. Биыл самбо мен дзюдодан Қазақстан чемпионатын ұтты. Енді «Қазақстан Барысында» да барымызды салатын боламыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Темірлан Көлбайдың бапкері Қасым Қаженов.



Соңғы жаңалықтар