«Қазақстан барысына» бөлінген 1 млрд теңге: Жарыс ұйымдастырушылары пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан барысы» республикалық турнирін өткізуге бөлінген қаржының қаншалықты заңды жұмсалғаны тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы мониторингі агенттігінің тексеруі туралы естідік. Аталған тексеріс 2011-2019 жылдар аралығында өткен «Қазақстан барысы» турниріне қатысты жүріп жатыр. Ол бойынша біз жауап бере алмаймыз, құзыретімізге жатпайды. Ал біз өз қызметімізді 2019 жылдан бастадық, қайта құрылдық. Осы күнге дейін үш үлкен турнир өткіздік. Екі рет «Қазақстан барысы» және бір рет «Тұран» Азия чемпионаты. Яғни ол жылдары қорда басқа адамдар жұмыс істеді, сондықтан біз жауап бере алмаймыз», - деді «Қазақстан барысы» қорының ресми өкілі Диас Ахметшарип баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, турнир ұйымдастырушылары бюджет мәселесіне келгенде қордың жұмысы ашық екенін айтты.

Еске салсақ, 21 маусым күні Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу аясында «Қазақстан барысы» қазақ күресінен турнир өткізуге бөлінген 1,075 млрд теңге бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексеру жүріп жатқанын хабарлаған еді.

«Басшылардан, мердігер өкілдерінен жауап алу, тінту және құжаттарды алуды қамтитын тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддесін көздейтін басқа ақпарат жарияланбайды», - делінген ресми мәліметте.


Соңғы жаңалықтар
telegram