«Қазақстан барысына» қатысатын балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VII Республикалық турниріне қатысатын балуандардың ресми салмақ өлшеу рәсімі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салмақ өлшеу рәсімі 19:00-де жаңадан ашылған ЭКСПО жанындағы «Mega Silk Way» ойын-сауық орталығында өтеді. Бұл туралы «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталған шарада биылғы жарысқа қатысатын 34 балуан көпшіліктің алдында таразыға тұрып, спортшылардың салмағы тіркелетін болады.
Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстан Барысы» финалына еліміздің 14 облысы, Алматы мен Астана қалалары және әскерилер арасында іріктеуден үздік шыққандар қатысады.
«Қазақстан Барысы» турнирінің финалы 2 шілде күні сағат 12:00-де Астана қаласындағы «Барыс Арена» мұз сарайында өткізіледі. Қазақстан аумағында «Қазақстан Барысы» турнирінің ресми бас хабар таратушысы «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетеді.