«Қазақстан барысында» ШҚО намысын Айбек Нұғымаров қорғайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейде қазақ күресінен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу ретінде облыстық сайыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
«Тарлан» спорт кешенінде өңірдің ең үздік 22 балуаны бас қосып, өзара күш сынасқан. Қатысушылар абсолютті салмақта өзара мықтыны анықтады. Балуандар арасында шеберлігі шыңдалған спортшылардан бөлек, тәжірибесі толыспаған қатысушылар да болды. Алыптар бәсекесіне еліміз бойынша маңдай алды спортшылардың бірі, «Қазақстан барысы - 2013» турнирінде топ жарып, қазақ күресінен абсолютті Әлем чемпионы, «Әлем барысы - 2017» додасының жеңімпазы атанған Айбек Нұғымаров та қатысып, бабында екендігін байқатты. Барлығы бес белдесу өткізіп, әр кездесуін айқын басымдықпен аяқтады.
«Жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлығы жақсы дайындықпен келіпті. Айта кету керек, соңғы уақытта қазақ күресі облысымызда бірқалыпты дамып келеді. Себебі, мұнда жарыс жолына шыққан әрбір жас қатысушының өзі өте тартысты белдесулер өткізіп, шеберліктерімен таң қалдырды», - деді Айбек Нұғымаров.
Турнир іріктеу сайысы есебінде өткізілді. Ақтық сында өнер көрсеткен балуандар дәстүрлі жарысқа айналған «Қазақстан барысы» додасында аймақ намысын қорғамақ. «Шығыс Барысы» турнирінің өтуі осымен жетінші мәрте. Аса тартысты өткен сайыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер төмендегідей анықталды:
1 орын - Айбек Нұғымаров (Семей)
2 орын - Мақсат Мәзібаев (Тарбағатай ауданы)
3 орын - Ерлан Конкиев (Абай ауданы).

