«Қазақстан барысының» қола жүлдесі Мұхтар Дәлелханұлының еншісінде
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан «Қазақстан барысы-2023» республикалық турнирінің қола жүлдесі Мұхтар Дәлелханұлына бұйырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үшінші орын үшін өткен белдесуде павлодарлық Мұхтар Дәлелханұлы мен «Әскер барысы» Марат Байқамұров күш сынасқан.
Белдесу қорытындысы бойынша Мұхтар Дәлелханұлы турнирдің қола жүлдегері атанды.
Еске салайық, биыл «Қазақстан барысы» жылдағыға қарағанда өзгеше өтіп жатыр.
Жаңа облыстардың ашылуына байланысты жарысқа қатысушылардың саны артқан. Нақтырақ айтсақ, 41 палуан бақ сынап жатыр.
Оның ішінде 33 палуан облыстардан, 2 спортшы «Әскер барысынан» және 3 қаладан тағы 6 спортшы қатысуға мүмкіндік алған.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, турнирдің жалпы жүлде қоры – 40 млн теңге, оның ішінде жарыс жеңімпазына 25 млн теңге сыйақы беріледі.