«Қазақстан Барысының» жеңімпазы 25 млн теңге алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана төріндегі «Барыс Арена» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VIII Республикалық турнирі жалауын желбіретті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Барысының» жеңімпазы 25 млн теңге алады

Биыл Астананың 20 жылдығына орай, ұйымдастырылып жатқан  жатқан додаға еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан  іріктелген ең мықты 35 балуан қатысады.

«Қазақстан Барысы» турнирінің жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған «тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орынға сәйкесінше күміс және қола белбеу тапсырылмақ. Әр белдесудегі жеңіс үшін балуандарға 100 мың теңгеден берілмек.

Сонымен қатар, ІІІ орын алған балуанға 1,8 млн теңге, ал оның бапкеріне 900 мың теңге табысталады. Ал ІІ орын үшін 5,5 миллион теңге, оның бапкеріне 1,8 млн теңге берілмек. Турнирде топ жарған бірінші орын иегері 25 млн теңгеге ие болады. Ал оның бапкеріне 3,5 млн теңге тапсырылады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Қазақстан Барысы» атағын Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев жеңіп алған болатын.