Қазақстан батыл инновация арқылы болашақ өмірге қадам басатын мемлекет болуы тиіс -Елбасы

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат / Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстан батыл инновация арқылы болашақ өмірге қадам басатын мемлекет болуы тиіс.

Қазақстан батыл инновация арқылы болашақ өмірге қадам басатын мемлекет болуы тиіс -Елбасы

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқына Ант беріп, жаңа президенттік мерзімге қайта кіріскеннен кейін сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«20 жыл бұрын, Тәуелсіздігіміздің қарсаңында халқымның алдында өзіме жүктеген мақсат-міндеттерімнің барлығы артығымен орындалды деп мақтанышпен айта аламын. Мен жаңа ұлттың, осындай әлем халықтарының арасында ойып тұрып өзінің орнын алғаны үшін, Қазақстан атты ұлы мемелкеттің көшбасшысы болуын маңдайыма жазғаны үшін тағдырға ризамын. Өткен 20 жылда біз өз мемлекетімізді өзгерттік, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарттық. Бірақ, әлем де бір орнында тұрып қалған емес. Мемлекеттер халықтары алдында жаңа, бұрынғыдан да күрделірек қатерлер мен міндеттер тұр», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Президент 21-ғасырдағы қазақстандық жетістіктердің негізгілеріне тоқтала келе, бұның басты тағдырлы төрт шешімін атап өтті. Бұлар: жаңғырту, халықтық әл ауқатын көтеру, инновация, ықпалдастық. «Дәл осылар менің сайлауалды бағдарламамның негізі әрі еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары болып табылды. Жаңғырту - бұл барлық мемлекеттік саясаттың серпілісі, халықтың әл ауқатын арттырудың негізгі шарты. 21 ғасырдағы инновация мен ғылыми жаңалықтар болашақ серпінді анықтап беретін болады. Қазақстан батыл инновация арқылы болашақ өмірге қадам басатын мемлекет болуы тиіс. Осы үшін біз бүгінгі күннің өзінде 100 абсолютті инновацияны ізденуге кірісуіміз қажет. Бұндай міндет Үкімет пен барлық министрліктердің алдына жүктелді», - деді Елбасы.