Қазақстан Батыстың Ресейге қатысты қатаң санкцияларына орай кешенді шараларды әзірледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Ресейге қатысты қатаң санкциялар салған жағдайда Қазақстан билігі өзінің кешенді шараларын іске қосады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
«Ресей Қаржы министрлігінің соңғы есептеулерінде экономиканың нөлдік өсімі айтылды. Менің ойымша, тараптар барлық саяси мәселелерді реттейтін болады. Алайда осындай тәуекелдің болуы мүмкіндігін ескеріп, біз Үкіметпен бірлесе отырып, кешенді шараларды даярладық. Осы орайда Үкімет мен Ұлттық банкте «Б» жоспары әзірленді», - деді ҰБ басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда теңге бағамына жүргізілген түзетулер ресейлік рубльдің ауытқуларын еңсеруге мүмкіндік береді.
«Бұл мәселе ұзақ мерзімді межеге созылмайды деп үміттенемін. Қысқа мерзімді жағдай бойынша өзіміз үшін тұрақты әрі оңтайлы ахуалды байқап отырмыз», - деді ол.