Қазақстан Беларусь пен ресейлік әріптестеріне жаңа құтқару технологияларын көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM- Беларусь Республикасында Қазақстан, Беларусь және Ресей төтенше жағдайлар ведомстволарының Бірлескен алқасының XIII отырысы өтті. Қазақстан делегациясын Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов басқарды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бапасөз қызметі.

Қазақстан Беларусь пен ресейлік әріптестеріне жаңа құтқару технологияларын көрсетті
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстан тарапы ТЖМ бөлімшелерінде қолданылатын отандық әзірлемелер мен техниканы таныстырды. Олардың қатарында шынжыр табанды өрт сөндіру роботы, көпфункционалды роботтандырылған платформа, бейімделген өрт сөндіру-құтқару техникасы, сондай-ақ байланыс пен басқарудың мобильді кешендері бар.

Қазақстан Беларусь пен ресейлік әріптестеріне жаңа құтқару технологияларын көрсетті
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қатысушыларға ұшқышсыз технологиялар, цифрлық мониторинг және болжау жүйелері, күрделі табиғи жағдайларда жұмыс істеуге арналған шешімдер және құтқару авиациясының мүмкіндіктері көрсетілді. Әзірлемелер Қазақстанның ерекшеліктерін, соның ішінде үлкен қашықтықтарды, далалық және таулы аумақтарды, орман алқаптарын және ірі өнеркәсіптік нысандарды ескере отырып әзірленген.

Отырыс барысында өрт сөндіру-құтқару техникасын дамыту, заманауи технологияларды қолдану, электр көлігінің өрт қауіпсіздігі және тау-кен құтқару қызметтерінің жұмысына қатысты мәселелер қаралды.

Қазақстан Беларусь пен ресейлік әріптестеріне жаңа құтқару технологияларын көрсетті
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Электр көліктерінің өрт қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы электромобильдерді сөндіру тәсілдері мен осындай оқиғалар кезінде бөлімшелердің іс-қимыл тәртібін таныстырды.

Тарту батареяларын салқындатуға арналған арнайы құралдар, өртке қарсы жабындар және зақымданған көліктерді тасымалдауға арналған жабдықтар қаралды.

Елімізде автокөлік өндірушілердің мамандарын жұмылдыра отырып, жеке құрамға практикалық даярлық жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Беларусь және ресейлік әріптестерімен онлайн-семинарлар ұйымдастырылып, әдістемелік ұсынымдар әзірлену үстінде.

Қазақстан Беларусь пен ресейлік әріптестеріне жаңа құтқару технологияларын көрсетті
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстан тарапы деректер алмасуды, бірлескен сынақтарды және келісілген ұсынымдар әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыруды ұсынды.

Талқылаудың тағы бір бағыты тау-кен құтқару қызметтерінің жұмысына арналды. Үш елдің өкілдері олардың жұмысын ұйымдастыру және мамандарды даярлау мәселелерін қарастырды.

Қауіпті өндірістік нысандардағы жұмыстың ерекшелігі мен тау-кен құтқару бөлімшелерін даярлауға қойылатын талаптарды ескере отырып, бұл бағыттағы практикалық тәжірибе алмасудың маңызы зор.

Қазақстан Беларусь пен ресейлік әріптестеріне жаңа құтқару технологияларын көрсетті
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар одан әрі бірлескен жұмыстың бағыттарын белгіледі. Қазақстан ғылыми-техникалық және өндірістік кооперацияны дамытуға, техниканы бірлесіп сынақтан өткізуге, сондай-ақ технологиялық шешімдер мен практикалық тәжірибе бойынша кәсіби алмасуды жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Осыған дейін Қазақстанның ТЖМ құтқарушылары Тәжікстан Республикасында өтетін жер сілкіністерінің салдары мен климаттық тәуекелдерге ден қою бойынша халықаралық көпжақты оқу-жаттығуға қатысатыны туралы жаздық.