Қазақстан, Беларус, Ресей арасында агроөнеркәсіп кешеніндегі ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы үшжақты келісім қабылданды
«ҚазАгроИнновация» АҚ, Беларус Ұлттық академиясы, РФ Ауыл шаруашылығының ғылыми академиясы арасында қол қойылатын келісім ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулер бойынша ықпалдастықты тереңдету, агроөнеркәсіптік кешендегі алдыңғы қатарлы ғылыми жетістіктермен алмасу шараларын көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кедендік одақ аясындағы аталған мемлекеттер бойынша қабылданатын үшжақты келісімнің негізгі мақсаты агротехнологиялар мен зерттеулерді өзара пайдалана отырып агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамыту, жұртшылықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету болып табылады. Келісімде қамтылған мақсаттарға қол жеткізу үшін үш мемлекет арасындағы аграрлық саланың ғылыми ұйымдары мен субъектілері ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жандандыра түсетін болады. Бұл ретте ғылым мен ғылыми-техникалық қызметке, аграрлық саладағы инновациялық шараларға, кадрлық, оның ішінде ғылыми әлеуетті арттыруға баса мән беріледі.