Қазақстан бензин ең арзан 5 елдің қатарына кірді

бензин
Фото:pixabay.com

Осы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысында елімізде 3,4 млн тонна бензин өндірілді. Бұл былтырғыдан 5,4 пайызға көп, деп хабарлайды Kazinform.

Energyprom.kz порталының мәліметінше, өңірлер бойынша Шымкент әдеттегідей ең көп бензин өндірді: 1,3 млн тонна, алайда бір жылда 8,2 пайызға азайған. Үздік үштікке Атырау (1,2 млн тонна, 30,4 пайызға көбейген) және Павлодар (980,4 мың тонна, 0,6 пайызға көбейген) облыстары кірді.

Жалпы, 2022 жылы елімізде бензин өндірісі 5 млн тоннаны құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артты.

Қыркүйекте бензин бағасы былтырғымен салыстырғанда 13,4 пайызға өсті. Оның ішінде АИ-98 - 11,7, АИ-92 - 12,8, АИ-95/АИ-96 16,8 пайызға қымбаттады. АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің орташа бағасы — 203 теңге, АИ-95/АИ-96 — 249 теңге, АИ-98 — 261 теңге.

Өңірлер бойынша Алматыдағы бензин бағасы ең көп қымбаттады: былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 15 пайызға. Одан кейін Алматы облысы және Қарағанды облысы: тиісінше 14,4 және 14,3 пайыз.

Биыл 13 қазандағы жағдай бойынша, әлемдегі ең арзан бензин Мысырда тіркелді: литріне АҚШ 0,32 доллары (153,24 теңге). Одан кейінгі орында Алжир (0,32 доллар) және Кувейт (0,34 доллар/ 162,81 теңге) тұр.

Қазақстанда бензин литрі 0,46 доллар/ 220,28 теңгені құрап, бесінші орынға тұрақтады.

ТМД елдері арасында да ең арзан бензин Қазақстанда.

Ресей әлем бойынша бензин арзандығы жөнінен жетінші орында тұр: 0,53 доллар/253,80 теңге.

Әзербайжанда бір литр бензин 0,62 доллар/ 296,90 теңге, Беларусьте — 0,75 доллар/359,15 теңге, Өзбекстанда — 0,89 доллар/426,19 теңге, Арменияда — 1,2 доллар/574,64 теңге, Украинада — 1,44 доллар/689,57 теңге.

Ең қымбат бензин Гонконгта (2,88 АҚШ доллары/1379,14 теңге), Финляндияда (2,23 АҚШ доллары/1067,87 теңге) және Грекияда (2,14 АҚШ доллары/1024,77 теңге) тіркелген.

Соңғы жаңалықтар