Қазақстан бейбітшілік пен достықтың энергиясын таратып тұр - Колумбиялық физик
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан бейбітшіліктің, келісімнің және достықтың энергиясын таратып тұр. Бұл жайында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Физика бойынша 45-ші Халықаралық олимпиадаға (IРho) қатысқан колумбиялық мейман Дэниел Фахардо мәлім етті.
«Бәрінен бұрын маған қазақстандықтардың жайдары мінезі, жылы шырайлылығы мен қонақжайлылығы есімде қалып отыр. Маған Қазақстанда қатты ұнады, әсіресе Астананың әсемдігі мен қазіргі заманғы келбеті мақтауға лайық», - дейді колумбиялық физик.
Сонымен қатар Колумбия өкілі Қазақстан IРho-ны өткізуге үлкен жауапкершілікпен қарағанын айта келе, мемлекеттің ғылымды қолдау мен дамытуға деген қадамдарын оң бағалады.
«Қазақстанның гүлдене беруін тілеймін. Барша қазақстандықтардың денсаулығы мықты болып, әрқашан да осындай жылы шырайлы әрі қонақжайлы болып қала беріңіздер», - деп түйді Дэниел Фахардо.