Қазақстан бидай экспортын 1 млн. тоннаға арттырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан бидай экспортын 1 млн. тоннаға арттырмақ

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ернар Бәкенов аталған заң жобасын таныстыру барысында бұл келісімді ратификациялау ИЫҰ елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Ислам ынтымақтастығы ұйымы қатысушыларының саны, географиялық ауқымы мен мамандандырылған құрылымдар желісі жағынан Біріккен ұлттар ұйымынан кейінгі 56 мемлекетті біріктіретін ірі халықаралық ұйым. Соңғы бес жылда Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы ИЫҰ-ға мүше елдермен сауда көлемінің үлесі ілгерілемелі түрде өсіп келеді»,-деді Ернар Бәкенов.

Атап айтқанда, егер де 2012 жылы сауда көлемінің үлесі 7,2 пайыз болса, 2016 жылғы қаңтар-қазанда ИЫҰ елдерінің үлесі 10,3 пайызды құрады.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, еліміздің экспорты құрылымының негізі бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдері құрап отыр.

«Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыруға ниеттіміз. Бүгін қарастырылған келісім бұл бағытта сауданы кеңейтуге жол ашады және аталған елдерге астық экспортын тағы 1 миллион тоннаға аттыруға мүмкіндік береді»,-деді Бәкенов.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, қазіргі кезде Қазақстанның ИЫҰ елдерімен тауар айналымы 6,3 млрд. АҚШ долларына жеткен.

«Бүгінде ИЫҰ елдеріне 1,5 миллион тоннаға жуық бидай экспорттап жатырмыз»,-деді ол.

Осы орайда ол қазіргі кезде бидайды тасымалдау бойынша нақты уағдаластықтар жоқ екенін, алайда сауда-саттықты кедергісіз жасау үшін құқықтық базаны қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқандығын атап өтті.